СП "Дорожный"


«Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапхана жүйесі» ММ
«Дорожный» ҚБ



Әдеби-сазды кеш
«Поэзия падишасы»
(Ф.Оңғарсынова «Дауа»
 «Бір ел – бір кітап»
акциясы)

                                                              

                                           
                                          
Қостанай 2013



«Мен ақын Фаризаны бүгінгі поэзиямыздың ең жоғары сатысында тұрған замандастарымен қарайлас биікте көремін»
   Ғабит Мүсірепов


«Ұлы адам, үлкен адам еш уақытта мен ұлылыққа қызмет етіп жүрмін деп ойламайды. Өзінен - өзі күнде жеңіліп қиналады. Өзінен - өзі күнде жеңіп қуанады. Фариза да сол адамдардың қатарында. Фариза әлі де алыс-алыс замандарда өлмейтін, биік тұғырлы шығармалар жазады»
                                                                                                                               Әкім Тарази


Фариза Оңғарсынова - Халық жазушысы

1939 жылдың 5-желтоқсанында Атырау облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған.
1961 жылы Гурьев мемлекеттік педогогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркіндала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектебінде ұстаздық еткен.
1966-1968 жж. Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкері.
1968-1970 жж. республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған.
1970-1978 жж. республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы, 1978 ж. желтоқсаннан «Пионер» журналының бас редакторы.
Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлең жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, «Біздің Камшат» повесі, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» баспаларынан жарық көрді. Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған
.
1984 жылы «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер. 
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.
Ақ берен ақын ойларынан…
«Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының-жан дүниесі өз алдына бір әлем. Менің өз жырларымда сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді».

Өзіңе берілген өлшеулі өмір ішінде бір-біріңе жақсылық жасай білу керексің!
Жолықтың маған Жақсы адам
Ерекше тұлғаң басқадан...

Мақсаты:
ақынның жыр саласындағы еңбегін талдау, насихаттау; сол арқылы өлең әлемін жете түсінуге баулу; оқырмандарды поэзия әлеміне тарту.
Көрнекілігі:
нақыл сөздер, суреттер, бейнебаяндар, кітапшалар.
Аудитория: 
кітапхана оқырмандары, студенттер, оқушылар.

Кеш барысы.
(музыка ойналып тұрады)
Жүргізуші:
Сәлеметсіздерме құрметті студенттер, оқырмандар! 
Бүгін біз «Поэзия падишасы» деп аталатын әдеби кешке жиналып отырмыз. Бұл кеш Фариза ақынның 75 жылдық мерейтойына арналып отыр. Жүректерді жан жылуымен ерітіп, поэзия әлемінің биік шыңдарын өз еркіне бағындырып, қиялға қанат сермеген Атыраудың ару ақыны Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталары мен «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері, мәдени ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болған халық жазушысы Фариза Оңғарсынова. Фариза Оңғарсынова – 1939 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысы, Манаш ауылында дүниеге келді. Ана өмірді жаратушы, дүниеге ұрпақ әкелуші. Ақынның анасының есімі – Халима Бекейқызы. Әкесі – Оңғарсын Иманғалиев. Өзінің қауырсын қаламымен ақ жүрегін өлеңмен, кісілік келбетін түгендеген ақынды өмірге әкелген ата-анасы туралы шумақ өлеңдерге кезек берейік.
1-студент: Анама
Кеудеңде мені тербеттің,
Жас шыбық енді көктеді.
Мінеки мен де ер жеттім,
Еңбегің бекер кетпеді.
Өмірде мынау ең жақын,
Аяулым сенсің анашым!
Болмаса мейлің зор даңқың,
Мен үшін бірақ данасың.
Мейірім төккен нұр жүзің
Тұрғандай сезем жанымда.
«Адал бол, - деуші ең, - жұлдызым»,
Сақталды сөзің жадымда.
«Игі еңбек түбі осы-ау» дер
Көргендер жеміс ағашын.
Қартаймай, мәңгі жасай бер
Мәңгілік күндей, анашым!

2-студент: Әкеме
Әкем біреу, анам да біреу менің,
Мен жығылсам сүйенер тіреулерім.
Олар барда мереке, көрген емен
Қабақтарын шытқанын, түнергенін.
Менің досым әкесін жек көреді,
«Бізбен ісі жоқ оның» деп сөгеді,
Жамандайды сыртынан, тістенеді,
Бір-біріне бітпейді өкпелері.
Дос тапса да адамдар, тапса-дағы,
Әке жалғыз, табылмас ақшаға да,
Жамандасаң әкеңді, саған әкеп,
Жақсы әкесін бере ме басқа бала.
Әке – білек, саусағы – балалары,
Қан тамырмен жалғасқан аралары,
Ана - тамыр бойымен бәріне де,
Тіршіліктің жылуы таралады

Жүргізуші:
Алматыға 70-жылдардың басында келген Фаризаның негізгі әдеби мектебі, ортасы өз бетімен оқу, іздену, талпыну болды. Ақын өз заманының ар-ұжданы. Ол болашақ үшін өмір сүреді. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, берер дәрі-дауасы - поэзия.
Көңілді жайлы күнімді,
Азапты қайғы мұңымды
Өзімменен бөліскенің үшін,
Қатем мен жеңістерім үшін,
Менің мынау қиындау тағдырым болып
О баста көріскенің үшін
Өлең, мен сені аялап өтем!
 Жүргізуші:
Ақынның 1967 жылы «Бұлбұл» деген  атпен тұңғыш жыр кітабы жарық көрді. «Сандуғаш», «Қыз ғұмыры», «Өсиет», «Маңғыстау маржандары», «Шілде», «Дауа», «Мазасыз жүрегіңдемін», «Сұхбат», «Жүрек күнделігі» деп аталатын жыр жинақтары жарық көрді. Фаризаның шырқау биіктерге көтерілгенін өз дәуірінде танып, баға беріп, Қазақ КСР  Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын берді. Бұдан басқа да өлең топтамалары үшін Ленин Комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Комитетінің Құрмет грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталды. Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Жүргізуші:
1961 жылы Гурьев Мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркіндала, Октябрьдің 40  жылдығы атындағы қазақ мектебінде ұстаздық еткен. 1968-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған. Әр жылдары жиырмадан астам өлең жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» баспаларынан жарық көрді.
Жүргізуші:
Туған дала! Туған ел! Бұл ұғымдар – ақын жырындағы ең қасиетті, ең кастерлі ерекше жалынды леппен жырланатын, асқақ шабыттарға толы сезімдердің тақырыбы. Туған жерін сүйген, оған барлық ыстық жүрегімен берілген ақын сол жердің тыныштығын, бейбіт өмірін ойдан шығара ала ма? Фариза өлеңдерінде де бұл леп ерекше.
Туған жер  туған ауыл қымбат маған,
Ешкімге бұл сезімді былғатпаған
Мен оның өзім ғана сезінетін
Қастерлі қасиетін жырлап бағам, -
деп жырлаған екен ендеше өзінің туған жері Ақжайық өлкесіне арнаған өлеңін тыңдайық.
(студент өлең оқиды «Ақжайық»)

Студент: Ақжайық
Қыстағы байсалдылылық былай қалып,
Жайықтың суы жатыр ылайланып.
Бұлқынған сағынышпен жүректердей,
Соғады жарға толқын шыр айналып.
Толқынын Ақжайықтың тамашалап,
Қиялдар жетелейді қарасам – ақ.
Кейде үнсіз, кейде долы – ерке мінез,
Өзіңе осы кейпің жарасады- ақ!
Жайығым – ата қоныс, игі мекен.
Құшасың құмарлана жағалауды,
Өзіңді о да бір кез сүйді ме екен...
Кей сәтте байсалдысың, ақылдысың,
Кей сәтте сескендірер батыл күшің.
Қаншама ұмтылсаң да кең далаға,
Аса алмай жаға – жардан жатырмысың?
Жүргізуші:
Фариза Оңғарсынова – сергек қарайтын, жамандық атаулыны оның ішінде адамдардаң бойындағы салқындықтың, екіжүзділік, жігерсіздікті жан-жүрегімен жек көретін. Оның түсінігінше «Өзіңе берілген өлшеулі өмір ішінде бір-біріне жақсылық жасай білуі керек», - дейді. Ақын өлеңінде адамдардың қоғамдағы орны, борыш пен парыз, жақсылық пен жамандық күресі сияқты келелі мәселеде өз көзқарасын білдіреді. Ақын жырларында әйелдер бейнесінің көңіл – күйі дауылды сезім болып жырланады. Оны өзі де ашып айтады: «Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының жан – дүниесі өз алдына бір әлем. Менің өз жырларымды сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді» - дейді. Соған орай өзіміз білетін ақиық ақын М. Мақатаевқа арнаған жыр жолдарын тыңдап көрелік.
Мұқағалиға
«Өмірдің өзі - мұз айдын»,
Тайғанап кетпе! – деген ең.
Сырғанап жүріп мұңайдым,
Еске алдым сені неге мен?
«Қайғы азап шексең, жебер ем,
Тайғанап кетсең демер ем...»
Дейтұғын өзің емес пе ең?
Аса алмай асу белестен,
Қақ маңдайымнан жел ескен
Тайғанақ құзда тұрғым кеп,
Енді құлардай дірілдеп,
Бар еді сүйер кімім деп,
Қарадым үміт жүзбенен,
Сонда мен сені іздегем.
Мысқылды жүзің күлімдеп
Тұрғандай : «Құла, сүрін!» - деп,
Итеріп кеттің сен мені.
Кеттің ғой өзің өксітіп,
Сәби боп саған құлап ем.
Зулаймын мұзда күн күлген,
Сақтанам – заңды бұл мүлдем:
Сүрініп кетсем қапыда,
Сүйемейтініңді білдім мен.

Жүргізуші:
Ырыс-несібесі, ақындық тағдыры сыйлайтын бәсіресі - бағы, өзіне тиесілі сыбағасы- поэзия. Фариза ақынның поэзия көркемдік әлеміне мейілінше ден қойғанынңды  өте сүйетіндігіңді бүгіп қалу еш мүмкін емес.
Студент:       Фариза апа
Өлең – өмір, өмір – өлең,
Дегенімде қиялмен Сізді көрем.
Көкорайлы көңілдің көктемі мен
Күңіренген, күрсінген күзді көрем.
Ақтарсам да тарихтың қай парағын,
Байтақ мінез сіз тұрсыз – байқағаным.
Сізбен жерлес болғаным – бақытым деп,
Мың мәртебе мақтанып айта аламын.
Замандастың жазира жүздерінен,
Сізді көрем деп те бір ізденіп ем.
Бәрін оқи алмадым, үлгертпеді,
Көз алдымнан өткен соң жүз керуен.
Заман сырын жүрекпен шын ұқтың ба?
Махамбеттің жырымен шынықтың ба?
Ақиқаттың ақ алмас қылышындай
Айтар жерде түсіңді суыттың ба?!
Қол жетпестей теңеймін Сізді шыңға,
Қыраным да өзіңіз, қызғышым да.
Фариза апа, ізетім өзіңізге –
Сіңілің айтқан осынау ізгі сырда!

Жүргізуші: 
60-жылдары әдебиет әлемінің айшықты жанры – поэзияда адуынды жырларымен көпшілікті елең еткізген ақын Фариза Оңғарысынова шығармашылығы қазақ әдебиетінде өзіндік үні мен орны бар тұғырлы дүние боп қала бермек. Айтулы  мерейтойымен құттықтап, жасына жас қосыла берсін тілек білдіре отырып, бүгінгі кешімізді аяқтаймыз.
                                  Сау-саламат болыңыздар!



Пайдаланылған әдебиттер:

1.     Алмазный клинок [Текст] : стихотворения  и поэмы / Ф. Унгарсынова ; авториз. пер. с каз. Т. Фроловской ; [вступит. слово С. Капутикян]. – М. : Худож.  лит., 1985. – 259 с.
2.     Полдневный жар [Текст] : стихотворения и поэмы / Ф. Унгарсынова ; [авториз. пер. с каз. Т. Фроловской ; предисл. С. А. Баруздина]. – Алма-Ата : Жазушы, 1980. – 256 с.
3.     Унгарсынова, Фариза. Нежность [Мәтін] : стихи / Фариза Унгарсынова. – Алма-Ата : Жалын, 1977. – 120 с.
  





Дайындаған: Сейдахметова А.М.

Комментариев нет:

Отправить комментарий